Кадыр Мырзалиев

Қадыр Мырзалиев Жымпиты ауылында туған. Ол атақты қазақ ақыны, халық жазушысы. Қаз МУ-дың филология факультетін бітірген. 1958-1993 жылы « Балдырған» журналында әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы болды. Мырзалиевтің алғашқы өлеңі 1954 «Пионер» журналында жарияланған. Ол «Ақ отау», «Домбыра», «Қорамсаң» т.б. шығармаларын жазды. Ол шетел елдері үшін ең атақты адам. Оның еңбектерін шеделдіктер өте жоғары бағалады.

Қадыр Мырзалиевтей қадау талантқа ғана айтылар бағаның салмағын ешбір сөзбен жеткізе алмайсың. Біздің бұл сөзімізге шегі барлар балалар бақшасын кеше аттаған балдырған бөбегінің тіл ашар тақпақтарын тыңдасыншы. Сонда солардың аузыңдағы бала көкірегіне салмақтысы, оңай айтылып, қиынды ұқтырар ойнақысы , тал бойында бір мін жоқ көркемі мен жинақысы Қадыр қаламынан шыққан болып шығары даусыз. Оның қаламынан туған ертегілер мен балладалар , сюжетті өлеңдер мен пейзаждар, мысалдар мен мазақтамалар, жаңылтпаштар мен жұмбақтар, санамақтар мен диалогтар қазақ балалар әдебиетінің классикасына қосылып, сәби оқушының рухани тәбетін ашып, ой-санасын оятар хрестоматиялық үлгілерге айналды.

Ер жетіп келе жатқан ұлдары мен бой жетіп келе жатқан қыздары бар ағайын солар айтып жүрген әндері мен жаттап жүрген жырларына, сезім ұштар сырларына құлақ тосып көрсінші. Сонау ұлы Абайдан бермен қарайғы «құлақтан кіріп бойды алар» сиқыр сазды наз жырлардың ең саңлақтырының арасынан тағы да Қадыр қаламы ен таққан сүлей туындыларды мол ұшырастырамыз.

Тіпті жастарды қойып, егделенген өзіміздің де қиялымыз қырық саққа жүгіріп , қатпары мен қалтарысы көп, тіршіліктің небір шытырман , шырғалаңдары кес-кестеп, дағдара қалған сәттерде арғы-бергіден ақылдасар сырлас іздеп, ұйтқыған сезімге басу, тоқыраған көңілге демеу дәметіп, бағы Бұқар мен батыр Махамбеттен бермен тартқан дуалы ауыздарға жүгінгенде алдымен көңілге оралып, қолға ілігетіндердің санаулы санатынан тағы да Қадыр табылады. Бұл бұл ма, ұзын кепті қысқа қайырып, төбеден түскендей төте айтылар уытты ой, даусыз бәтуа іздегенде ықылым заманнан ыждаһатпен жиналған асыл сөздер, мақал-мәтелдермен жарысып, Қадырдан тұтқиыл тұжырымдары мен мүлтіксіз атар ақ мылтықтын оғындай дөп тіркістері тілдің ұшына өз-өзінен орала кететінін қайтерсіз...

Қадырды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап, әріпті көзілдіріксіз көрмейтін қарияға дейінгінің бәрі біледі. Өзін білмесе де сөзін біледі.

Танымал болудың жолы көп. Даулы тақырып, даңғаза пафос, қитұрқы сөз, қиқар мінез, қызыл көрсе қаралай сұғынған ашқарақтық, өзін көрсетер жер, өзіне бас шұлғыр ел іздеген жиыншылдық...Жә, санап тауысуың мүмкін емес. Бір ғажабы: Қадыр соның бәрінен ада. Ол дүбір мен дүрмектен қашпаса, жүгірмейді...Бірақ, соған қарамастан, кеңінен танымал...Ең ғанибеті: көптің назарына өзі жүгіріп танымал болып жүрген жоқ, оның жыры мен сырына көптің өзі жүгіріп танымал болып жүр.

Мұндай даусыз даңқ, татаусыз танымалдықтың сыры неде? Оның сыры тағы да сол Қадыр талантының қарапайымдалығында. Қадыр Мырзалиевтің «Бұлбұл бағында» өлеңінде бір сырлы шумақ бар:

Жүйрік арман қуып жете қалсаң-ақ,

Жалт береді,

Соның өзі бір сабақ!

Осалдар жүр өзін жұрттан артық деп,

Ал мықтылар өзін жұрттан кем санап!

Тап-таза шындық!

Алдымен, азамат ойдың айдынында ешқашан арман таусылмақ емес. Ардан туған адам әрқашан арман қуады және арман қуудан жалықпайды, туғаннан өлгенге дейін қуады және сол арманның шегіне жетпейді, жетсе де жеткенін сезбейді. «Арманым жоқ дейтіндер» қателеседі, яки өтірік айтады. Адамның арманы болмаса, ертеңі болмағаны; арманы бітсе, ертеңі, бітеді, мақсаты түгесілгені; арманның таусылған жері-адамның өлген жері. Саналы кісіге мұның өзі сабақ екені рас.

Үлкен мықтылық иесінің бірі-Қадыр. Дәлірек айтқанда, Қадырдың қадірі-мықтылығанда.

Қадырдың мықтылығының бір дәлелі: Қадыр өлең өлкесіне күйбеңсіз, кібіртіксіз, тіпті ешқашан ешбір жаттығу жасамағандай бірден кәнігі шебер қалпында келеді. Мұны біз тұңғыш рет Қазақ университетіндегі Әуезов аудиториясында танып-білген едік.

Күні кеше «сөз сиқырын» үйреткен шабытты шақтарда Ұлы ұстаздың өзі шынтақ сүйеген биік мінбеге киіктің асығындай ғана шып-шымыр қара бала жүгіріп шыққан емес, тура шиырылып түскендей...дік етіп алшысынан тұра қалды да, ағытыла жөнелді:

«Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,

Және жылап өледі, өзгені де жылатып.

Жылайтыны туа сап,-жамандар бар қинайтын,

Жылайтыны өлерде,-жақсылар бар қимайтын»

Жым-жырт тұна, тына тыңдаған дүйім жұрт кенет ду-ду етіп, зал іші самал шайқаған көлдей теңселді де кетті. Жұрттың бәрі бір деммен тыныстады. Әлгі шумақты тыңдаған әр адамға қас пен көздің арасында бұрын ешкім айтпаған бір сыр айтылып, ешкім ашпаған бір шындық ашылды да қалды. Өлең әркімді өзінің өзгеше философиялық тереңіне тартып, оқыс ойға шомдырды да қойды.

Жаным-ау, жанартау ғой мынау – деп қақты көп ішінен бір білгіш.-Жаңғалы, жалындағалы тұрған жанартау ғой!

Дәл осы тұста Қадыр да дәл осыған үндес тағы бір тылсым сыр ашып, тағы бір қызық түйін тұрған:

«Жанартаудың сөнгендері-даңқты,

Атылмаған жанартаулар-қауіпті»

Енді жұрт дуылдамай, үнсіз ойланды. Тағы да сыр, тағы да шындық. Әркім-ақ айтуға болатын, бірақ айтылмаған сыр; әркім-ақ ашуға болатын, бірақ ашылмаған шындық. Жалғыз-ақ тыңдаушылар осыны табан аузында талдап түсініп отырған жоқ, тамсана түйсініп отыр еді...

Сол кештен күні бүгінге дейін Қадыр-ақын қалың оқырманын таңдадырудан, тамсандырудан бір жаза басып көрген жоқ. Неге?

Асылы, адам әдебиетке сұлудың бұрымындай өрілген екі мақсатпен келеді: бірі-өзінен бұрын ешкім айтпағанды айту; екіншісі-өзге ешкімге ұқсамай, тек өзінше айту. Осы екі мақсат орындалған жерде ғана шын мәніндегі әдеби туынды бар. Шын мәніндегі әдеби туынды дегеніміздің, Леонид Леонов айтқандай, мазмұн жағынан жаңалық ашу, пішін жағынан өнер табу болатын себебі де сондықтан.

Енді турасына көшсек, мүбәда қазақ поэзиясына осы ғасырдың орта тұсынан өте бере келіп, соңғы жылда тек қана өзіне тән өзгеше мазмұнын ашқан, тек қана өзіне тән өзгеше пішінін тапқан шын мәніндегі шынайы талант екеу болса-бірі, біреу болса-өзі-Қадыр Мырзалиев.Бір кезде өзінің түлеп ұшқан ұясы Қазақ университетіндегі Әуезов аудиториясы ғана білетін кәдімгі бала Қадырдың бүгінде бүкіл елі-туған халқы тұтас таныған қадырлы дана Қадырға айналу себебін де дәл осы арадан іздеген жөн.

Демек, қазіргі қазақ поэзиясын көп дауысты, қуатты оркестр десек, мұның құрамындағы Қадыр музыкасының қайталанбас өз үні, машығы мен мәнері, айшығы мен өрнегі бар; Қадыр лирикасының сыңғыры бөлек, сыры терең.

Қадыр Мырзалиев соңғы ширек ғасырда қатарынан қаздай тізілтіп он кітап берді: «Ақ отау», «Бұлбұл бағы», «Ой орманы», Дала дидары», «Көкпар», «Жерұйық», «Қызыл кітап». Мұның бәрі, әрине, қолыңыздағы таңдамалы томдарға сыйған жоқ. Ал сыйған кітаптардың бірі болмаса біріне аздап көз тоқтатқанның өзінде де әрқайсысының шежірелік мағынадағы шалқар мазмұн тұтыстығы, симфониялық сипаттағы сұлу композициялық құрылымы адам таң қалғандай. Сонымен қатар бұлар жеке-жеке тұрғанда ақынның ондаған жыл бойы үздіксіз өнуін, өрбуін, өсуін көрсететін эволюциялық сатылар секілді де, бәрі қосылғанда тамаша таланттың өзгеше творчестволық тұлғасын айрықша ақындық мінезін сайып келгенде, ұланғайыр әсемдік әлемін қалыптастырған.

Айталық, «Ой орманы». Бұл кітап үшін кезінде Қадыр Мырзалиевке Қазақстан комсомолының берілгені мәлім. Мұның өзі тегін емес-ті. «Ой орманы»-автордың азаматтық келбетін танытқан кітап. Мұнда Қадырдың ешкімге ұқсамайтын айрықша өз бітімі мен мінезі бар. Ақындық бітім, ақындық мінез мағынасында айтып отырмыз.

Кітаптағы өлеңдердің тақырыбы мен мазмұны-адам, адамға тән алуан түрлі сезімдер, ойлар, толғаныстар, адамның өмірге көзқарасы, адамның табиғатқа қарым-қатысы, сайып келгенде, адамның тағдыры мен тіршілігі. Бұлардың қай-қайсысы да тақырып-мазмұн ретінде жаңалық емес, сан рет толғанған сырлар, жырланған шындықтар, әбден шиыр болған тақырыптар мен мазмұндар. Бірақ осы тақырыптар мен мазмұндардың қандайы болмасын Қадырдың жырлауында жаңа қырынан, бұрын-соңды ешкім айтпаған мағынада, тың пішінде көрінеді. Мәселен, бір өлеңде «биікке шықпағандардың ьиіктен құламайтыны» оқыс айшықпен ойнақы кестеленіп, бір өлеңде «қателесем деп қорқудың өзі-қателік» екені ұтымды жеткізілсе, енді бір өлең даңқ туралы; даңқ деген де бір шың секілді, шың басына шыға алмай, «етекте қалғандардың іші күйсе, басына шыққандардың басы айналатынын» майда, жұмсақ юмормен аңғартады. Осылардың бәрі әшейін ауызекі айтыла салмайды, әсем өрнекпен, ақындық шабытпен шебер айтылуының үстіне, әр оқушының өзі ойлап, іздеп тауып алғандай құпия сырмен, қызық астармен айтылады. Өлеңнің ойлылығы дегеннің өзі осы емес пе?

Әрбір шын мәніндегі суреткер секілді Қадырдың да кешегі жыры-Адам туралы болатын, бүгінгі жыры да-Адам туралы, ертеңгі жыры да – Адам туралы болмақ.

Ал адам, оның тағдыры тіршілігі әдеби шығармада әрқашан белгілі бір уақыт пен кеңістікте көрсетілуі шарт. Демек, Қадырдың Адамы да мезгіл-мекенсіз әлдебір абстракциялық нәрсе емес. Сондықтан Мырзалиев поэзиясына үзілмейтін өзекті желі боп тартылып, жан-жақты ашыла суреттеліп, жиңақтала тұлғаланып келе жатқан бір күрделі образ бар. Ол қазақ даласының образы. Осынау шетсіз-шексіз кең далаға, өзінің туған даласына Қадыр»Ой орманында» бір бөлім арнап айрықша бір мол шабытпен көкірегін кере, мақтана сөйлеп;»Уа, дала! Кеңдігіңе тамсандым көп, айта алман бәрін жазып тауса алдым деп. Сен алып-алып пластинка дөңгеленген, инең бол тұрады ылғи ән салғым кеп!»-десе, соның іс жүзіндегі дерегі секілді келесі кітабын түп-түгел далаға арнап, тұп-тура «Дала дидары» деп атады.

«Дала дидары»-Қадыр ақындағының жаңа белесі, тың өрісі. Бұл кітаптың, яки кітапқа енген жүз өлеңнің бір ғана көркемдік құны мен идеялық қасиетін бір сөзбен айтсақ, үндестік деуге болар еді.

Александр Блок ақынның ақындағы-үндестік деп ұққан және осы ұғымын терең теориялық тұжырымға айналдырған. Ал үндестік, яки гармония дегенді шебер суреткердің шындықты сырға, сырды жырға айналдыруы, өмірді өнерге, өнерді өмірге көшіруі, сөйтіп мынау әлемдік тіршіліктің небір құпия сырларын ғажайып келісімге көшіре танытуы деп түсіндіреді.

«Дала дидарында» тек сырт қарағанның өзінде көзге бірден шалынатын бір түрлі бір композициялық бірлік, тың келісім бар. Кітаптағы төрт бөлім өзара тұтасқан төрт алуан сыр мен шындықты желілі, арнаулы түрде тарата жырлап жатса, осылардың ара-арасында ақын үш мәрте арнайы лирикалық шегініс жасп, оқырманын өзгеше бір толғаныстарға түсіріп, оның сезімін тербейді. Сөйтіп, ақын мен оқырманның көңіл күйлері өзара тағы бір тың үйлесім, үндестік тапқандай болады.

Ал мазмұн жағынан келсек, мұндағы жүз өлең бір идеялық мақсатқа жарыса жол тартқан тағы да тұтас толғамды сыр, толқынды жыр. Мысалы, «Көне заман көріністері» атанған бірінші бөлім бір ғана басты тақырыптың кезеңді құбылыстарын жан-жақты әрі қаз-қатар өре, өрістете толғайды:»Жар-Жар», «Күрес», «Барымта», «Көкпар», «Қыз қуу»...осылардың әрқайсысында байырғы көне ауылдың әр алуан шындығы әр қырынан көрініп кеп біртұтас бейне-дала дидарын алдымызға тартады. Сонда бір өлең осы даланың күлкісі мен қуанышы болса, енді бір өлең қайғысы мен көз жасы, бір өлең әні мен назы болса, енді бір өлең мұны мен зары, бір өлең күші мен ірілігі болса, бір өлең әлсіздігі мен күйкілігі...секілді өзара өріліп-тұтасып, өріліп-тұтасып кете барады. Жоқ, кете бармайды, ақын өзі суреттеп отырған шындық құбыластардан қызық-қызық ойлар, философиялық байыптаулар, парасатты түйін-тұжырымдар қорытып отырады.

Мәселен, «Бабамыздың шоқ басқан табанымен, бірдей екен жақсысы жаманымен: бір жаманы-тынымсыз көше берген, бір жақсысы қимаған даланы кең. Бір жаманы-жел сөзге ерген екен, бір жақсысы-тілге ерік берген екен: бір жаманы-кетпенге орашолақ, бір жақсысы-найзагер, мерген екен. Бір жаманы-кешігіп әліппе ашқан, бір жақсысы-күйлері көбік шашқан;бір жаманы-қыздарын малға сатып, бір жақсысы сүйгенін алып қашқан. Бір жаманы-шаруасын мандытпаған, бір жақсысы-қулықпен жанды ұтпаған; бір жаманы-үйленіп жеңгесіне, бір жақсысы-жесірін қаңғытпаған. Тату-тәтті көршілер шыр бұзбаған, бірде тоңып суықта, бір мұздаған; бір жаманы-сонда да үй салмаған, бір жақсысы-абақты тұрғызбаған!...» Міне, бұл-бір жағынан,осыған дейін әр қырынан суреттеліп дала шындығын енді бірде ойша байыптаудан туған жиынтық-синтез болса, екінші жағынан, байтақ далада ғасырлар бойы ғұмыр кешкен бүтін бір халықтың бір алуан мінез-құлқы екені даусыз.

Байқасақ, осы секілді өлеңде және жинақтағы бар өлеңде автор мөп-мөлдір шындықты тап-таза ағысқа, ақындық ағысқа айналдырып, соншалық бір кең тыныспен еркін, ешқандай қитықсыз есіле, көсіле жырлаған. Әр өлең кәдімгі «қиыннан қиысу» жағынан жасандылықтан аулақ, соншалық табиғи, тіпті оп-оңай құйыла салған секілді.

Ең жеңілі мынау эпифораны көрелікші:

«Күншілдер өледі

Көңілін от қарып,

Батырлар өледі

Борышын атқарып.

Бұзықтар өледі

Пышаққа құлшынып.

Сұлулар өледі

Құшақта тұншығып.

Арғымақ өледі

Артында шаң қалып,

Ақындар өледі

Бәріне таң-қалып!»

Өлеңнің мазмұнындағы қоспасыз шындықты айтпағанның өзінде, пішіндегі мұндай шынайы, сұлу айшықты, яки фигураны асқан шебер ақын ғана жасай алады. «Дала дидарындағы» өлеңдерде, міне, осындай өзіндік дидар бар...

Сонымен, бірінші томдағы бірнеше кітап – «Ой орманынан» «Дала дидарына», одан «Бұлбұл бағына» көшіп, ақыр-аяғында Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алған «Жерұйыққа» келіп, өзінің ақындық өнер биігіне осылай сатылап өрлеген Қадыр енді бір тұста поэзия жайлауына «Ақ отау», яки өз отауын, өзінің жыр отауын тігеді де төрінде отырып, екінші томда қолына құйқылжыған көңіл күйінің екі ішекті, он екі пернелі «Домбырасын» алады, сөйтіп тағы да сол өзі тапқан ырғақпен мәнер-машықпен төңірегін ағыл-тегіл шалқыған кербез күйге, сылқым сырға, сырбаз жырға толтыра күмбірлетіп кетеді.

Сөзімізді ұзарта бермей, тұжырымдай түсу үшін біз «Бұлбұл бағын» араламай-ақ, «Ақ отауға» кірмей, «Жерұйыққа» бармай-ақ, бірден «Домбыра» сазына сәл құлақ түріп көрсек дейміз.

«Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін,

Мен оларға киліккенді қой дейін.

Өзің көтер,

Алтын тиек идеям,

Егіз ішектің беу-беуі мен

Гөй-гөйін!»

Қадыр «Домбыра» тиегін осылай қондырады. Мұның өзі домбыра тиегі болуымен бірге екі кітапты өлең-эпопеяның беташары да:Тиек тіреп көтерген екі ішек құр құйқылжып ойнамады, ой айтады, сыр шертеді, демек Қадыр домбырасының тиегі шаңақ пен ішек арасындағы мөлшері болуға тиіс.

Әдебиет:

«Қадыр Мырза Әли» кітабы